Главная » новости » ФК Кайрат 2016 » Клуб

Карлос Алос: «Қазір біздің мақсатымыз – Кубок»

Футболдан Қазақстан кубогының финалисі алматылық «Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос «сары-қара» түстілер сапындағы жұмысы туралы айтты.

- Сіз «Қайраттың» тізгінін маусым барысында ұстадыңыз, алдыңыздан қандай қиындықтар шықты?

- Бапкердің ауысқаны жағдайдың мәз емес екенін білдіреді. Бізге дейін болған нәрселер туралы айтқым келмейді. Бірақ біз жарақаттанған ойыншылары көп команданы қабылдадық, сондай-ақ, физикалық кондиция тұрғысында да қиындықтар болды. Ал біз топтағы  ұжымдық жұмысты жақсартуға тырыстық. Ойыншылардың физикалық кондицияларын жақсартып, жарақаттанғандарды айықтардық. Біз бұл мәселеге келгенде жақсы жұмыс атқардық.

 

- Кубоктың финалында «Атыраумен» ойнайсыздар. Қарсылас туралы не айта аласыз?

- Бірінші кезекте, бұл «Атырауға» қарсы ерекше ойын болмақ, бұл финал. Финал қашан да қарапайым матчтардан өзгеше болып келеді. Қарсыластың қандай болғаны маңызды емес, финал қашан да қиын. Әр команданың жеңіске жетуге мүмкіндігі тең болады, қарсыластың кім екені бәрібір. Бұл ерекше ойын, бәрі де жеңіс үшін жігерленіп шығады. Біз ауыр матчты күтіп жүрміз, себебі «Атырау» биыл біз үшін қолайсыз қарсылас. Бірінші айналымда оларды жеңе алмадық, ал екіншісінде тең тарқастық. Тек үшінші айналымда ғана жеңіске жете алдық. Сондықтан қарсылас қолайсыз, барлық жайтты ескеруіміз керек.

 

- Қарсыластарыңыз турнир кестесінде соңғы жақта келеді. Ойыншыларыңыз қарсыласты бағаламай қалады деп қорықпайсыз ба?

- Кез келген турнирдің финалында команданың қай орында келе жатқанын қараудың керегі жоқ, бұл финал, жаңа айтқанымдай, бұл бәріміз үшін ерекше ойын. Қарсылас командада еурокубокқа жолдама алатын мүмкіндік туып тұр, ол үшін осы матчты жеңуі қажет. Оның ауыр матч болатыны сөзсіз. Осы чемпионат барысында «Атырау» бізге ауыр қарсылас болды. Олар Премьер-лигада жақсы келе жатыр деп айта алмаймын, бірақ соңғы ойындарда олар біраз күшейді. Оның үстіне, олар маусымды «минуспен» бастағанын да ұмытпауымыз керек. Бірақ бұл финал үшін маңызды емес.  

 

- «Қайратта» өткізген уақытыңызда ең ауыр қарсылас деп кімді айта аласыз?

- «Атырау» (күліп). Биылғы жылы ауыр қарсылас. Алғашқы екі турда оларды ұта алмадық. Бізде түрлі командаларға қарсы түрлі ойындар болды. «Ертіске» қарсы матч, мысалы. Сол ойында біз аз ойыншымен қалғанбыз, өте ауыр матч болды.

Жалпы, әр ойын оңай болған жоқ деп ойлаймын. Шынына келсек, жеңіске жету өте қиын. Біз клубқа келген сәтімізден бері 90 пайыздық нәтижеге қол жеткіздік, бұл негізі өте үлкен көрсеткіш. Бір қарағанда, оңай көрінетін шығар, бірақ мен бірде-бір оңай ойын көрген жоқ.

 

- Осы маусымда «Қайраттың» сапында көптеген жас ойыншылар дебютін өткізді. Қалай ойлайсыз, қашан команда құрамы толығымен клуб тәрбиеленушілерінен ғана құрала алады?

- Жауап беру қиын. Бірақ кез келген клуб үшін болашақ өте маңызды, тәрбиеленушілер өте маңызды және барлық жұмыс академиямен басталады. Бірақ академиядағы барлық балалардың дұрыс өсуін де ескеру қажет. Олардың командада дамуы үшін шетелдіктер керек, ондай ойыншылар бізде бар. Жастардың деңгейін көтеріп, жақсаруына көмектесетін ойыншылар. Әрине, тәрбиеленушілердің көп болуы – клуб пен қала үшін жақсы. Бірақ шетелдік ойыншылар бізге үлкен пайда алып келіп жатыр, негізгі құрамға да, Академияларға да көмектесіп жүр.

 

- Сіздің келісім-шартыңыз жыл соңында аяқталады, «Қайратпен» жұмысыңыз жалғасуы үшін қандай нәтижеге қол жеткізу керек? Әлде, нақты тапсырма жоқ па?

- Нәтижеге байланысты ешқандай тапсырма жоқ. Келесі жыл туралы да ойлап жүрген жоқпын. Басшылықтың не істейтінін білмеймін. Қазіргі таңда бұл туралы ойламаймын, менің жалғыз қалайтыным – чемпионатты мүмкіндігінше жақсы аяқтау. Мүмкіндігінше көп жеңіске жетіп, Кубокты жеңіп алғым келеді. Қазіргі күнде келесі жылға ешқандай тапсырма жоқ.

 

- Сіз жасөспірім және жастар командаларымен өте көп жұмыс істедіңіз. Қазіргі таңда Қазақстанда 21 жасқа дейінгі үздік ойыншы кім?

- Біреуді ерекше айтқым келмейді. Дәл қазіргі уақытта мен осы клубта жұмыс істеп жатырмын. Бұл жағдайда тек «Қайраттың» ойыншылары туралы айтқым келеді. Академияның ойыншыларын білемін, «Қайраттың» ойыншыларын білемін. 2001 жылғы және одан да кішкентай ойыншыларға тоқталғым келеді, өте таланттылары бар.

Бірақ бұл туралы жиі айта берудің керегі жоқ, себебі кейде үздік жас ойыншылар бірінші командаға дейін жетпей жатады. Мен өте мықты жас ойыншыларды көп көрдім, кейбірі негізгі құрамға іліге алмай қалды. Сондықтан, қазір нақты бір ойыншы туралы айтқым келмейді. Бұл жағдайға дұрыс қарау керек, футболшыларды ойыншы ретінде ғана емес, тұлға ретінде де қорғауымыз қажет.

 

- Ел чемпионатында алтын алу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

- Қазір біздің негізгі мақсатымыз – кубок. Осы матч біткеннен кейін келесі қарсыласымыз «Ақжайық» болады. Біз «Астананың» кейінге шегерген матчтарының нәтижелерін біліп тұрамыз. Олар «Ордабасыға» қарсы ойнайды, өте ауыр ойын болмақ. Соңғы екі турда чемпионаттағы жағдайды жақсырақ түсінетін боламыз деп ойлаймын. Астанада болған кезімізде-ақ чемпионаттағы мүмкіндігіміз туралы жақсырақ білеміз. Қазіргі таңда бізде чемпиондық титулға мүмкіндігіміз көп, бірінші орында келе жатырмыз. Кейінге шегерілген матчтарды «алдын ала жеңу» деуге келмес, оларды әлі жеңу қажет. Сондықтан, чемпиондыққа әлі мүмкіндігіміз бар.

 

- Сұхбаттарыңыздың бірінде Сіз өзіңіз үшін тактика, техника, физика және психологияның, сондай-ақ, осы компоненттердің арасында өзара баланс болғаны маңызды екенін айтқан екенсіз. «Қайратта» осы балансты орната алдыңыз ба?

- Біз мұнда көп нәрсені жақсарта алдық деп есептеймін. Әрине, техникалық тұрғыда бұл ойыншыларды жақсарту өте қиын, себебі біздің футболшыларымыздың техникалық деңгейі өте жоғары. Тактикаға келер болсақ, біздің өз нұсқаларымыз бар, бұл командаға көмектеседі деп үміттенемін. Физикалық дайындық бойынша бапкеріміз Мартимен бірге физикалық тұрғыда өте үлкен жұмыс атқардық. Ол өз ісінің кәсіби маманы саналады. Ал қазір ойыншылардың физикалық жағдайларын жақсартып жатырмыз. Бұл істі алғашқы жұмыс күнімізден-ақ бастағанбыз.

Психологиялық тұрғыда да жағдайды жақсарта алдық, меніңше, қазір команда бір жұдырықтай жұмылған. Бұл менің әсерім ғана, маған дейін қандай болғанын айтқым келмейді, бірақ қазір командада атмосфера жақсы. Ойыншылар жұмысқа беріле атсалысып жүр. Егер ойыншылар жұмысқа дайын болмаса, осы жобаға сенбесе – біз қатарынан 8 матчта жеңбес едік. Бірақ ең маңыздысы – алаңда барлық жұмысты атқаратындар – футболшылар. Олар ең маңыздылары. Біз бапкер ретінде оларға көмектесеміз, бірақ футболдағы басты тұлғалар – ойыншылар.

 

- Сіздің келуіңізбен Чума Анене жарқырай ойнап, нәтиже көрсете бастады, ал Андрей Аршавин қайтадан команда көшбасшыларының біріне айналды. Мұның құпиясы неде?

- Шынымды айтсам, білмеймін. Мен ойыншыларға еркіндік беретін бапкермін. Бірақ кез келген жағдайда ойыншылардың мойнында қашан да жауапкершілік болады. Мен оларға өздерін еркін сезіну керек екенін жеткізуге тырысамын, доппен ойнауға, қателесуге қорықпаулары керек. Алаңда қарсыласты алдап өтуге де тырысуы қажет. Біз оларға берген осы еркіндіктің арқасында олар өздерін алаңда қолайлы сезінеді. Бүкіл команданың жылдамдығына көңілім толады. Біз осында келген күннен бастап Жерар әр ойында гол соғып келеді. Аршавин де, Чума да жақсырақ ойнай бастады. Олар ғана емес, ондай ойыншылар көп. Барлық ойыншыға көңіліміз толады. Жоғарыда айтылған ойды қорытындылайтын болсақ – физикалық және басқа да акпектілер бойынша жақсы жұмыс атқарылды.

 

Дереккөз: ҚКФЛ

Александр Бородюк: «Третий сбор будет другой направленности» Антон Лысяк on 23 января . В интервью пресс-службе клуба Сито рассказал прошедшем сезоне, вспомнил успехи и неудачи минувшего года и поделился своими задачами на сезон наступающий. Rating: 4.5

Автор

текст