Главная » новости » ФК Кайрат 2016 » Команда

Маусымның үздік голдары (видео)

Назарларыңызға «Қайраттың» өткен маусымдағы ТОП-5 голын ұсынамыз. 

Бұл тізімде біз осы жылдың әдемі ғана емес, ең маңызды голдарын да есепке алдық. Аталмыш рейтингіні 100% дұрыс деуге болмас, себебі әр жанкүйердің өз пікірі болатыны анық. 

5 орын. Жерар Гоу («Маккаби» - «Қайрат»)

Бұл рейтингіде ивуар шабуылшысының голын қоспауға болмайды. Осымен екі маусым бойы Жерар Қазақстандағы үздік форвард екенін дәлелдеп келеді. 11-нөмірдің еншісінде биыл бірнеше гол бар, бірақ осы соққысын ерекше атап өтуге болады. 

Еуропа лигасының «Маккабиге» қарсы матчында алматылықтарға сырт алаңда оңай болған жоқ. Бірінші таймнан соң қайраттықтар есепте артта келе жатқан, демек, келесі кезеңге израильдіктер өтіп тұрды. Алайда 64-минутта қазақстандықтар Райкович қақпасына гол соқты. Гоудың бұл добы алматылық клубтың жанкүйерлеріне үміт отын сыйлады. 

4 орын. Ғафуржан Сүйімбаев («Атырау» - «Қайрат»)

«Қайраттың» құрамына Сүйімбаев осы жазда ғана қосылған еді, бірақ Алматыда Ғафур жылдам сіңісіп кетті. Алаңнан тыс уақытта салмақты, бірақ көгалда жанын сала ойнайтын Ғафуржан. Гол соғу – қапталдағы қорғаушының басты мақсаты емес. Бірақ Сүйімбаев гол соғуды жақсы көреді және бұл оның қолынан келеді. 

Бұл футболшы Атырауда Кубоктың жартылай финалында өте маңызды гол соқты. «Қайрат» минималды есеппен өз алаңында жеңіске жеткен, сондықтан Қазақстанның батысындағы ойынға қайраттықтар фавориттер ретінде барды. Кездесудің бірінші минутында-ақ Сүйімбаев мұны дәлелдей алды – алыстан бағытталған тамаша соққыны алаң иелерінің қақпашысы кері қайтара алмады. 

Тізімге қоспай кетуге болмайды – Гаэль Тавамба («Қайрат» - «Ақжайық»)

Оралдық «Ақжайық» бірінші кезеңде «Қайратқа» үлкен қиындықтар тудырған еді. Кахабер Цхададзе шәкірттері осы ұжымға қарсы өз алаңындағы матч барысында екі рет есепте артта келе жатты. Сол кездесуде «Қайраттың» жеңісті голын Гаэль Тавамба соқты және мұны әдемі орындады. 

Камерундық форвард қарсыластың айып алаңына енер тұста допты қабылдап алды. Тавамба әріптестерін іздеудің орнына, допты өкшесімен тебе салды. Қарсыластың қақпашысы мен қорғанысы бұл допты тоқтата алмады. Бұл голдың соғылуына сәттілік те көмектескен шығар, бірақ рейтингіде одан аттап кете алмадық. 

3 орын. Бауыржан Исламхан («Қайрат» - «Ертіс»)

Біздің капитан 2016 жылы ондаған голдың авторы атанды. Исламхан үшін алғашқы турлар ауыр өтіп, гол соға алмай жүрді. Бірақ Бауыржанның салы суға кетпей, қарсылас қақпасынан саңлау іздей берді. Тоғызыншы нөмірлі ойыншы мамырда ғана алғашқы голын соға алды, бірақ содан кейін капитанды тоқтату мүмкін болмады. 

2015 жылы Исламхан «Абердин» қақпасына ғажайып гол соға алған болатын, биыл да «Ертіске» соған ұқсас доп салды. 27-турда «Қайрат» ұзақ уақыт бойы «Ертіс» қақпасына екінші голын соға алмай жатты. 81-минутта павлодарлықтар қақпасының маңында аут болып, доп айып алаңына асырылды. Допты Тавамба алып, Исламханға қалдыра салды. Ұзақ күтпей, аяғына дәл келе жатқан допты капитан бірден алыс бұрышқа жіберді. 

2 орын. Исламбек Қуат («Қайрат» - «Астана»)

Бұл тіреуші жартылай қорғаушыны екі сөзбен ғана сипаттауға болады – нағыз күрескер. Биыл өзіне ыңғайлы позицияда көп ойнай қойған жоқ, Қуат көбіне қорғаныстың қапталында өнер көрсетті. «Қайраттың» жетінші нөмірін гол соққыш деуге келмейді, оның үстіне, футболшының алаңдағы міндеті де ол емес. Бірақ әр маусым сайын Қуат екі-үш рет қанжығасын майлап тұрады. 

«Астана» қақпасына соққан голы жәй ғана шедевр болған жоқ, бұл сол ойындағы ең маңызды гол болды. Жылдам қарымта шабуылдан кейін Исламхан допты Исламбекке қалдырды, Қуат бірден соққы бағыттады – таблода 2:0 есебі жанып тұр, ал алматылық ойыншы маусымдағы ең әдемі голдардың бірін соқты. 

1 орын. Андрей Аршавин («Қайрат» - «Тараз»)

Ресей футболының тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі өз есімін қазақстандық футбол тарихына да жазып қалдырмақ. ҚПЛ матчтарын Андрей сәтті бастамаған еді, бірақ маусым барысында өз қалпына келе алды. 

Аршавин туралы айтар болсақ, ол биылғы маусымда бірнеше маңызды голдар соқты, оның көбін де әдемі деп атауға болады. «Тараз» қақпасына соғылған гол – бұл ерекше құбылыс. Қайраттық ойыншы Тимощуктан әдемі пас алып, құйтырғы әдіспен қос қарсыласын алдап өтті. Кейін ше? Аршавин қақпашының өз иелігінен шығып кеткенін көріп, допты оның бойынан асырып жіберді – мұндайды көру керек. 

Сөзсіз, бұл тімізге бірнеше голдар кіре алмай қалды. Осы маусымда алматылықтар соққан әдемі голдарды таңдау – қиын іс. Биыл «Қайрат» футболшылары 90-ға жуық гол соқты, иә, алматылықтар мұның хас шеберіне айналды.

Александр Бородюк: «Третий сбор будет другой направленности» Антон Лысяк on 23 января . В интервью пресс-службе клуба Сито рассказал прошедшем сезоне, вспомнил успехи и неудачи минувшего года и поделился своими задачами на сезон наступающий. Rating: 4.5

Автор

текст