Главная » новости » Пресса о клубе » СМИ о нас

Андрей Аршавин: «Маусым мен үшін сәтті өтті»

«Қайраттың» шабуылшысы UEFA.com порталына мансабын неліктен алматылық клубта жалғастырғаны жайлы, футболдағы арманы туралы айтып, «Зенитке» гол соқса, қуанатынын мәлім етті.

Бір жыл бұрын Андрей Аршавиннің мансабы аяқталатындай көрінген. 2016 жылы қыста шабуылшы «Кубань» сапында он матч өткізбей-ақ, клубпен келісім-шартын бұзды. Алайда Ресей құрамасының бұрынғы капитаны жаңа маусымды жаңа чемпионатта бастады. Ол алматылық «Қайратпен» келісім-шартқа отырып, клубтың жетекші ойыншыларының біріне айналды да, өз деңгейіне көтерілді. Жылдың қорытындысы бойынша «Қайрат» чемпионатта екінші орын алып, Қазақстан кубогының финалына дейін жетті. Ал Аршавин сегіз гол соғып, ел чемпионатының екінші үздік ойыншысы атанды. Қарашада ойыншы клубпен келісім-шартын 2017 жылдың аяғына дейін созды.  

UEFA.com: Маусымның басында мансабыңызды аяқтауға жақын болған едіңіз, бірақ «Қайратқа» ауыстыңыз. «Қайраттың» бапкері Александр Бородюк емес, басқа біреу болса да, солай жасар ма едіңіз?

Андрей Аршавин: Бұл туралы айтудың пайдасы жоқ, бәрі осылай болды. Александр Гейнрихович маған «Қайратқа» ауысуды ұсынды, мен көп ойланбай, сол жаққа баруды шештім.

UEFA.com: Команданы таңдауда бапкердің тұлғасы қаншалықты маңызды?

Аршавин: Менің мансабымда командалар көп бола қойған жоқ. «Зенитте» кімді қойса, сонымен бірге ойнадым. «Арсеналға» кез келген жағдайда ауысар едім – команданы кімнің жаттықтыратынына қарамаймын. Бір жағынан, соңғы 20 жылда ол Арсен Венгердің командасы екенін бәріміз білеміз. Артынша мен «Зенитке» қайта оралдым, мұнда да бапкердің кім болғанына қараған жоқпын. «Қайратпен» жағдайда бапкер маңызды болды, себебі басқа біреу мені шақыруға келіспеуі мүмкін еді ғой. Қанша дегенмен, ұзақ уақыт бойы ойнаған жоқпын. Александр Генрихович мені ойыншы ретінде де, адам ретінде де жақсы біледі, сондықтан осыған бел будым. Сол кезде ол маған өзімнен көрі көбірек сенді.

UEFA.com: Қай бапкермен жұмыс істеген ыңғайлы болды?

Аршавин: Барлық бапкеріме алғысымды білдіремін. Кейбірімен қатынасымыз жақсы, бірімен жаман болды, бірақ, жалпы, Гус Хиддинк, Юрий Морозов пен Дик Адвокатты атар едім, Властимил Петржеламен де жақсы футбол көрсеттік. Менің ойымша, бапкерлер бойынша жолым болды.

UEFA.com: Келесі маусымда «Қайрат» сапында қала бересіз. Жас кезіңізде өз мансабыңыздың соңғы жылдарын қалай елестетіп едіңіз?

Аршавин: Ол кезде мұндайды елестеткен жоқпын. Біріншіден, футбол менің кәсібіме айналады деп ойламадым да. Сол кезде, Кеңес Одағында, жас Ресейде футболшы деген мамандық болған жоқ. Футболмен осы спорт ұнағасын ғана айналыстым. Меніңше, жас кезінде ешкім мансабының қалай аяқталатыны туралы ойламайды.

UEFA.com: Ендеше басқаша сұрақ. Не нәрсеге қол жеткізуді армандадыңыз?

Аршавин: Әрине, мен оны «арман» деген ғаламдық сөзбен айтпас едім, бірақ қашан да Еуропада ойнағым келетін. Оған қол жеткіздім. Мүмкін, мен армандаған командада емес шығар. «Барселонаға» ауысқым келді, себебі бала кезімнен соларға жанкүйермін. Басқа армандарым ба? Басқалары болған шығар, бірақ қазір оларды бір сөйлемге сыйдыру өте қиын.

UEFA.com: Сіз аз жеңген жоқсыз. Қай матчта қайтадан ойнағыңыз келеді?

Аршавин: Ешқандай матчты да қайта ойнағым келмейді, тіпті, өзім жақсы өнер көрсеткен ойынды да атап өте алмаймын. Атмосферасы бойынша үш матч есімде қалды – 2007 жылы «Зенитпен» чемпиондықты жеңіп алғанда, Лужныйда Англия құрамасын жеңгенде және, әрине, УЕФА Кубогының финалында.

UEFA.com: Қазақстанда, шамамен, бір жыл тұрдыңыз. Осы уақыт ішінде ел туралы не білдіңіз?

Аршавин: Ғаламдық бір нәрсе айта алмаймын. Бұрын Қазақстанда күн әрқашан жылы болады деп ойлағанмын, бірақ олай емес екен.

UEFA.com: Ауыспай жатып, осы ел мен жергілікті футбол туралы не білдіңіз?

Аршавин: Футбол туралы ештеңе білген жоқпын. Қазақстанның үлкен ел екенін білдім. Алматы зиялы-интелектуалды қала екенін естігенмін.

UEFA.com: Жылдың басында әлеуметтік желілерде алматылықтардың сізбен түскен суреттері көп болды. Көшеде жиі тани ма?

Аршавин: Бүгінде менің танымалдылығым футболға байланысты емес. Түрім БАҚ-тарда жарияланып жүр – енді сапалы ойын көрсетудің де керегі жоқ секілді (күліп). «Кубаньдағы» ойынымнан бері бас киім киіп жүремін, бірақ жанкүйерлерден тығылған емеспін. Мені көшеде көріп қалуға болады. Отбасым Алматыға келгенде Горький саябағына жиі барғанмын.

UEFA.com: Биылғы жылы бірнеше қайырымдылық жобаларға қатысып, сіздің Қазақстанда табысты өнер көрсететіңізге күмәнмен қараған қазақстандық журналистің шашын тақырлатып тастадыңыз.

Аршавин: Жалпы, маусымның басында клуб басшылығымен осындай іс-шараларға қатысатыным туралы келістік. «Қайрат» ұйымдастыратынның бәрін де қолдаймын.

UEFA.com: Қазақстанда маусым аяқталды. Өзіңіздің биылғы ойыныңызды қалай бағалайсыз?

Аршавин: Жақсы ойнадым деп ойлаймын. Командаға өз пайдамды тигізген сияқтымын. Көрнекті бір нәрсе көрсете қоймаған шығармын. Жарты жыл жаттығусыз жүрген соң, биыл көп ойын өткіздім, осы маусым мен үшін сәтті өтті деуге болады. Бірақ «Қайратпен» бірге ештеңе ұта алмадым.

UEFA.com: Осы маусымдағы қай ойын есіңізде қалды?

Аршавин: «Таразға» соққан голым ұнады. Бұрыннан бері осылай соққым келіп жүрген, міне, соған қол жеткіздім. Сол матчтан үлкен ләззат алдым.

UEFA.com: Еуропа лигасында «Қайрат» тель-авивтік «Маккабиден» өте алмады. Неліктен?

Аршавин: Өкінішке қарай, екінші кезең үшін бізге жеребе кезінде өте мықты команда түсті. Олар ойынды ұйымдастыру бойынша, құрамындағы ойыншылар бойынша бізден мықты. «Маккаби» сәл мықтырақ болды, сондықтан келесі кезеңге өтті.

UEFA.com: «Маккаби» бүгінде Еуропа лигасында «Зенитпен» бір топта ойнайды. «Қайрат» питерліктермен бір топқа түссе, туған командаңызға қарсы қандай көңіл-күймен ойнар едіңіз?

Аршавин: Алматы ойнасақ, қызық болар еді. «Зенитке» қарсы «Петровский» стадионында ойнағым келмейді. Сан-Петерборда сырт алаңдағы матч бізге өте қиынға соғар еді, ал өз алаңымызда күш көрсете аламыз.

UEFA.com: «Зенит» қақпасына гол соқсаңыз, қуанар ма едіңіз?

Аршавин: Қуанар едім, бірақ қатты емес. Неге қуанбасқа?

UEFA.com: Чемпиондар лигасында ресейлік командалар нашар нәтиже көрсетіп жатыр. Бұл неге байланысты?

Аршавин: «Ростов» үшін Чемпиондар лигасына түсу – үлкен жетістік, оның үстіне, олардың тобында өте мықты екі гранд бар. ЦСКА-ға келер болсақ, өкінішке қарай, олардың қаржылық мүмкіндіктері ондай үлкен емес. Жыл сайын бұл команда әлсіз болып барады, бүгінде бар күштерін салып жүр. Қаржылары азайып жатыр. Алан Дзагоев жоқ, Роман Еременко шеттетілді, сондықтан оларға қиын болып жүр.

UEFA.com: Ресейлік командалардың Еуропа лигасындағы мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?

Аршавин: «Зениттің» мүмкіндіктері жақсы деп ойлаймын. Команданың футболшылары мен ойыны жақсы. Өте жоғары деңгейге көтеріле алады. «Краснодар» қиындықпен болса да, топтын шықты, бірақ бұл команда ауыр матчтарға дайын.

UEFA.com: Ресей чемпионаты мен Англия чемпионатына болжамыңыз қандай?

Аршавин: Англияда «Челси» бірінші орында келе жатса да, екі команда чемпиондыққа таласады – «Манчестер Сити» мен «Арсенал». Ал Ресейде «Спартак» пен «Зенит» бірінші орынды сарапқа салады.

Автор: Антон Лысяк

Дереккөз: uefa.com

Александр Бородюк: «Третий сбор будет другой направленности» Антон Лысяк on 23 января . В интервью пресс-службе клуба Сито рассказал прошедшем сезоне, вспомнил успехи и неудачи минувшего года и поделился своими задачами на сезон наступающий. Rating: 4.5

Автор

текст